Қазталов ауданы әкімшілігінің Қазталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі

АҚБӨКЕН

 АҚБӨКЕНАҚБӨКЕН

Ақбөкен – көптен Қазақстан табиғатының белгісі болып табылады. Шөлге төзімді, әрі жүйрік ақылды жануар. Оны «киік» деп те атайды.

Сүтқоректілердің жұп-тұяқтылар отряды, қуыс мүйізділер тұқымдасының өкілі, (денесінің ұзындығы 150 см шоқтығының биіктігі 80 см, салмағы 50 кг-ға дейін), сағатына 60-70 шақырым жылдамдықта ұзақ жүгіре алады. Ақбөкендер үйір үйір болып топтасып тіршілік етеді. Бұл жауларынан сақтануына көмектеседі. Олар жайылып жүргенде біреуі жан-жағын бақылап, «сақтық күзетінде» түрады. Қауіпті дер кезінде сезген ол қашады да, қалғандарын үркітеді. Әр аталықта бірнеше аналық болады. 10-12 жыл өмір сүреді, аталығы бір жарым, ал аналығы жарты жылда жыныстық жағынан жетіледі. Қорегі – өсімдіктер (изен, қына, бидайық және т.б,) күз айларында көк шөптің қоры мол болса да, жусанмен қоректенеді. Себебі оның құрамында іштегі зиянды құрттардан жоятын заттар бар. Міне, киіктердің өзін-өзі емдеуі – табиғаттың оларға берген тамаша қасиеті. Оның мүйізінен пантокрин дәрісі алынады. Киіктің тұяғын күйдіріп, одан алынған күлді денедегі теміреткіге жағады, сусамыр ауруына шалдыққандарды емдеу үшін пайдаланады. Осы қасиеттірін дәріптеп, қазақ киікті «киелі», «қасиетті аң» деп бағалайды.

Батыс Қазақстан облысын мекендейтін киіктердің Еділ-Жайық популяциясы –Қазақстан бойынша ақбөкендер ең көп шоғырланған аймақтардың бірі.

Орал популяциясына жататын киіктер Ақжайық, Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала және Тасқала аудандарын мекендейді. Ақбөкендер төлдеу үшін мамыр айында Казталов және Жәнібек аудандарының аумағына шоғырланады.

Мамыр айының ортасында күн райы күрт құбылып, тұман түсіп, ызғырық жел есуі мүмкін. Халық мұндай табиғат құбылысын «Құралайдың салқыны» деп атауының өзіндік мәні бар. Киіктер төлдейтін уақытта түз тағыларының тістері босап, қарақұстарға дейін алаңсыз жұмыртқа басады. Яғни киік лағына жыртқыштар тарапынан қауіп төнбейді. Киіктердің басқа жануарлардан тағы бір ерекшелігі, көбіне, егізден төлдейді және бөтенсінбей бірінің лағын бірі емізе береді. Төлдеу маусымы мамыр айының басында басталып, аяғында толықтай аяқталады. Содан кейін аталған аудандар аумағына таралады.

2019 жылғы жүргізілген әуе санағы нәтижесінде Орал киік популяциясының саны 217 мың бас екені анықталды.

Ерекшелігі оңтүстістік аудандардан басқа жерде көп кездеспейді.