Аққу – құстардың ең әдемісі, көлдің сәні. Қаз тәрізділер отряды үйрек тұқымдасының жеке туысына жататын өте сымбатты құс.
Ел аузында аңызға айналған талғампаз, тәккаппар сұлу құс. Халық оны «құс падишасы» дейді. Қазақ халқы аққуды қасиетті құс деп, оған тимей, қайта оның маңына көбірек жүруін ұнатады. Аққудың сұңқылдап ұшқаны, айдын көлде кербездене жүзгені, кіршіксіз денесімен маң-маң басқан сазды қимылы бәрі сұлу көрінеді. Олар наурыздың басы мен сәуірдің аяғына оралып, қазан айында ұшып кетеді. Оның түсі аппақ, мойны ұзын, салмағы 7-13 кг-ға жетеді. Қазақстанда дыбыс шығару ерекшілігіне байланысты сұңқылдақ, сыбырлақ деген екі түрі кездеседі. Тұмсығының жиегінде үлкенді-кішілі тісшелері болғандықтан, тұмсығы жалпақ әрі сүзгі қызметін атқарады. Негізінен, су өсімдігінің жапырағымен, тамырымен, кейде үсақ жәндіктермен қоректенеді. Аққу ұясын жұптасып, қамысы нулы, суы таза, тұщы көл жағасына салады. 3-7 жүмыртқаны 35-40 күнде басып, шығарады. Балапандары ширеқ келеді. Ал аталығын ұясын, балапандарын қорғайды. Тіршілігінің көп уақытын суда өткізеді, жақсы жүзеді, сүңги алмайды, құрлыққа сирек шығады. Бір ерекшілігі – жүптарын өлгенше жазбайды. Халқымыз жас жұбайларды қос аққуға осы себептен теңеген.
Соңғы жылдары аққулардың саны Казталов ауданы аумағында көбейіп жатыр. Аудан орталығы – Казталов ауылындағы Қарасу тоғаныны аққулардың негізгі мекеніне айналып үлгерді. Аққуларды қорғауға алып, санын анықтау үшін арнайы мамандар санақ жүргізуі қажет етеді.