Қазталов ауданы әкімшілігінің Қазталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі

ҚЫЗҒАЛДАҚ

ҚЫЗҒАЛДАҚ

ҚЫЗҒАЛДАҚ2

Қызғалдақ – лалагүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін пиязшықты өсімдіктер. Қазақстанның далалық аймақтарында жиі кездеседі,

32 түрі бар, оның 11 түрі – Қазақстанның эндемигі болып саналады. Олардың биіктігі 3-50 см, сабағы жұмыр, тік өседі, тамырымен жалғасқан буында пиязшығы болады. Гүл қоршауы ақ, қызыл не сары. Жемісі – қауашық. Қандай дерек көздерін ақтарсақ та, қызғалдақ бір замандарда Батыс Еуропаға, соның ішінде Голландияға да барған. Бүгінде Голландияны қазақтың топырағынан жаралған гүл оларды ен байлыққа бөлеп отыр. Олар қызғалдақты төл гүлдері деп атағанымен де, отаны Қазақстан екенін мойындап отыр.

Казталов ауданына қарасты Қайыңды ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан қызғалдақ алқабы көктем шыға алуан түсті кілем жамылады. Соның ішінде Қайыңды даласында қызғалдақтың онға жуық түрі өседі. Олар: ақ түсті «Мурильо» қызғалдағы, сары түсті «Ибис», қызыл түсті «Альберт», күлгін түсті «Баттерфликс», алқызыл «Бренстром», ақ теңбілді «Элиза патшайым». Бұл қызғалдақтардың ғылыми атауы. Ал қарапайым түрде біз оны түсіне қарап «қызғылт қызғалдақ», «сарғалдақ», «ақғалдақ» атап кеткенбіз. Осы тектес әсем гүлдердің арқасында Қайыңды жеріне құдды бір гүлді кілем төсеп қойғандай көрінеді. Сол кілемді көркейтіп тұрған қысқа күндік сұлу қызғалдақтар келген қонақтарына ізетпен амандасып тұрғандай...

Қызғалдақ- көктем көркі. Жаңарудың, жаңа өмірдің символы іспеттес. Қазақ халқы қыздарын сұлу болсын деген ниетпен қызғалдаққа балаған. Ен даланың жауһары небәрі 10-15 күн ғана гүлдейді. Қайыңды алқабы нәзік гүлдің қызыл кітапқа енген Шренк сұрпымен танымал.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Казталов өңірінде екі жыл қатарынан халықаралық «Қызғалдақ фестивалі» өткізілді. Бұл фестивальдің өзі тарихта алтын әріптермен жазылып, ауданымыздың халықаралық мәртебесін көтерген шара есебінде.