Ауданымыздың топырағында туылып, туған жерінде табан аудармастан талай жылдар жемісті еңбек еткен жандар аз емес. «Жер жарасты көрінер, өзені мен көлімен,ел жарасты көрінер, еңбегі жанған ерімен.» демекші жарасты елдің жаңалығының жаршысына айналған аудандық газетте отыз жыл қызмет еткен Серік Ғабитұлы Жұмағалиев сондай жандардың бірі де, бірегейі. Серік Ғабитұлы Жұмағалиевті аудан мәдениетінің дамуы мен өркендеуі жолында бар күш-қайратын сарп еткен ерен тұлға десек қате айтқанымыз емес.
1957 жылы Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Бірік ауылдық округіне қарасты Саралжын ауылында дүниеге келген ол 1964 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттап, 1974 жылы Тереңкөл орта мектебін бітірген. Мектеп бітіргеннен кейін жас түлек бір жыл бойы туған ауылында еңбек етіп, шопан болған. 1975 жылы Орал қаласындағы А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институтына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1980 жылы бітірген. 1980-82 жылдары Қоныс орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және қазақ тілі, әдебиеті мен тарих пәнінен сабақ берді.
1982-83 жылдары Қазталов аудандық білім беру бөлімінің инспекторы.
1983-87 жылдары Саралжын негізгі мектебінің директоры қызметтерін атқарды.
1987-1991 жылдары Қазталов аудандық «Коммунизм жолы» гаезті редакторының орынбасары, 1991-96 жылдары Қазталов аудандық «Сарыөзен тынысы» газетінің редакторы қызметінде.
1996-2003 жылдары Қазталов аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты.
2003-2011 жылдары Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газеті редакторының орынбасары, 2011-2019 жылдар аралығында Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің редакторы.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
«ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен және аудандық, облыстық басқармалардың алғыс хатымен марапатталған.
Өзінің еңбек еткен жылдарында көптеген өзінен кейінгі жас буынға тәлімгер болды. Кейбіреуін атап айтар болсақ, М.Шоңыраева – Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №11 дарынды балаларға арналған мектептің жоғары санатты ұстазы. Облыс әкімінің арнайы грантына ие болған. А.Айжарықова – Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің жауапты хатшысы. Г.Көшбаева – «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының сектор меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты (тағы басқалар).
С.Жұмағалиевтің бастамасымен ауданда тарихты зерделеу мақсатында, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында деректі фильм, мұражай жасақтау (тұңғыш жылқы мұражайы), акциялар ұйымдастырылып жүргізілген болатын.
Журналистика саласының ауыр жүгін қайыспай көтерген оның зейнетке шыққанда да қолынан қаламы түскен емес. Көзі қарақты жұртшылық, қала берді жерлестер Серік ағаны білікті редактор, қаламы қарымды қаламгер, тәжірибелі ұстаз деп құрмет тұтады. Ерен еңбегі үшін берілген "Қазақстанның құрметті журналисі" атағы Серік Ғабитұлына жасалған лайықты марапат деп білеміз. Журналистиканың өркендеуіне зор еңбек сіңірген майталман, 90 жылдық тарихы бар төл басылымның жанашыры десек қателеспейміз.