Қазталов ауданы әкімшілігінің Қазталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі

Мұштанова Дариға Ғазезқызы (1954)

mushtanova.jpgМұштанова Дариға Ғазизқызы 1954 жылы 13 наурызда Орал қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша бітіріп, жоғары білім алып шыққан соң, бұрынғы Жалпақтал, қазіргі Казталов ауданының Көктерек орта мектебінде аға пионер-вожатыйы, мұғалім болып еңбек жолын бастады.

Мектеп қабырғасында жүрген оқушы кезінен аудандық газетке өлеңдері жариялана бастаған. Он жеті жасында тұңғыш рет облыстық айтысқа қатысып, жеңімпаз атанып, сол жолы оған «Облыс ақыны» деген құрметті атақ берілді.

Ауыл өмірінің көркеюіне үлес қосып, қоғамдық, мәдени шараларға белсене араласты. Өзінің өскен ауылы Кировтағы сегізжылдық мектепте еңбек еткен жылдары (Қазіргі Казталов ауданы, Саралжын ауылы) «Қарлығаш» эстрадалық жастар ансамблін, драма үйірмесін, оқушылардың домбыра оркестрін құрып, ауыл балаларын көптеп өнерге баулыса, Көктерек ауылдық клубының меңгерушісі болған жылдары да өнерлі жастарды жанына жиып, жемісті еңбек етті. Аудандық, облыстық газет редакциясында журналист болып, партия-кеңес органдарында лауазымды қызмет атқарды. Жалпақтал аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқара жүріп, көптеген келелі іске қозғаушы болды.

Қазақстан облыстық, Жалпақтал жәнеТеректі аудандық мәслихаттарының депутаты болып, елдің әлеуметтік-рухани мәселелерін батыл көтерді.

Республикадағы алғашқы наурыз айтысына қатысып, Әселхан Қалыбекова, Қатимолла Бердіғалиевтермен қатар бірінші жүлдені жеңіп алды. Торғайлық Қонысбай Әбіловқа тізе бүктірген, Баянғали Әлімжанов, Серік Құсанбаев, Әзімбек Жанқұлиев, Шорабек Айдаров ақындармен үзеңгі қағыстырып, жұртшылыққа әдемі әзіл айтыстар сыйлаған. Шолпан Қыдырниязовамен қайым айтысы, Александр Қауеновпен қыз бен жігіт айтыстары да ел аузында.

Дариға Мұштанова – Теректі ауданы, Подстепный ауылындағы республикаға танымал, алдыңғы қатарлы «Үміт» лингвистикалық гимназиясының іргесін қалап, негізін салушы. 2001-2016 жылдар аралығында аталған оқу орнының директоры болып қызмет атқарып, білім ошағын облыстағы, республикадағы маңдайалды майталмандар қатарына алып шықты.

Дариға Ғазизқызы сонымен бірге ұжымның іскерлігін арттыруға, әр ұстаздың шығармашылықпен жұмыс істеуіне үлкен көңіл бөлді. Олардың шығармашылық өсуіне барлық жағдайды жасады. 2005 жылы Дариға Ғазизқызы Астана қаласында өткен Республикалық мұғалімдер форумына қатысты. 2006 жылы Алматы қаласында өткен ІІІ мұғалімдер съезінің, 2011 жылы Астанада өткен әйелдер съезінің делегаты болып сайланды. Д.Мұштанова Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің «Алғыс хатымен», ҚР мәдениет саласының үздігі, «Қазақстан Республикасының Құрметті білім қызметкері» белгісімен, «Ы.Алтынсарин» медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» "Тәуелсіздікке 25 жыл" мерекелік медальдарының иегері. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Есімі, өмір жолы "Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясына" енгізілген.

«Адамның жаны бір жұмбақ» (2001 ж.), «Өмір – арна» (2004 ж.), "Қос қанат" ("Жылама, жырла, Жайығым" 2010 ж.) жыр жинақтарының, «Үміт жетелеген бес жыл» (2005 ж.), "Үміт" атты бір ел бар... " (2015 ж.) педагогикалық жазба жинақтарының, "Аңыз болған абысындар" (2018 ж.), "Әз ғұмыр" (2019 ж.) көлемді повестерінің авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Зейнетке шыққаннан кейін де Дариға Ғазезқызы қоғам өміріне белсене араласып, мектептермен, мәдениет орындарымен тығызбайланыста отырады. Бірнеше композитормен шығармашылық бірлікте тамаша әндер сыйлап жүр. "Аңыз болған абысындар" лиро-драмасы Х.Бөкеева атындағы облыстық драма театрында сахналанып, көрерменнен жоғары баға алды.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Алматұлы Н.

       Мемлекеттік тілді құрметтеу жөнінен біз өзге ұлтқа үлгі болуға тиіспіз.[Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай марапаты туралы] // Орал өңірі.-2016.-№ 117.-24 қыркүйек.-3 б.

  1. Набиоллаұлы Н.

       Адамның жаны бір жұмбақ [Білім беру саласының үздігі,ақын,ұстаз Д.Мұштанованың шығармашұылық кеші туралы] // Орал өңірі.-2016.-№ 27.-5 наурыз.-12 б.

  1. Әділжанқызы Г.

       «Үміт» гимназиясының іс-тәжірибесі [Д.Мұштанова басшылық жасайтын гимназияның іс-тәжірибе алмасуы] // Ауыл айнасы.-2014.-№42.-24 қазан.-2 б.

  1. Асқарқызы Ж.

       Ізіңіз қалған қызғалдақ терген қырларда [ҚР Білім беру саласының қызметкері Д.Мұштанованың 60 жасқа толуына орай] // Ауыл айнасы.-2014.-№27.-11 шілде.-4 б.

  1. Жұмакелдіқызы Ү.

       Даланың дарыңды Дариғасы[Д.Мұштановаға арналған Көктерек тарихи-өлкетану музейінде ашық тәрбие сағаты туралы]// Ауыл айнасы.-2017.-№43.-27 қазан.-4 б.

  1. Әдиетқызы Л.

     Ақын келді ауылға [Д.Мұштанова туралы]// Ауыл айнасы.-2017.-№45.-10 қараша.-7 б.

Ақынның шығармалары:

  1. Мұштанова Д.

       Көктен –нұр,көңілден жыр жауған үш күн.[А.Бақтыгереева, Ш.Қыдырниязова және Д.Мұштанованың мерейлі жастарынан]// Ауыл айнасы.-2009.-№33.-23 шілде.-5 б.

  1. Мұштанова Д.

       Ақжайықтың жыр жұлдыздары[А.Бақтыгереева, Ш.Қыдырниязова,Д.Мұштановалардың өлеңдері]// Ауыл айнасы.-2009.-№ 31-32.-16 шілде.-4 б.

  1. Қыдырниязова Ш.,Мұштанова Д.

     Қос қанат: өлеңдер,айтыс,жұмбақтар,мақалалар.-Орал:Ағартушы, 2010.-328 б.

  1. Мұштанова Д.

   Адамның жаны бір жұмбақ...(Өлеңдер).Алматы: «Өлке»,2001.-88 б.

  1. Мұштанова Д.

   Жалпақталдың Баяны.[Б.Қабиеваға арналған өлең] // Ауыл айнасы.-2004.-№44.-18 қазан.-2 б.