Қазталов ауданы әкімшілігінің Қазталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі

Айтболатұлы Батырболат (1972)

aitbolatulu
Айтболатұлы Батырболат, Қабош ақын, әдебиетші, филология ғылымының кандидаты,Қазақстан Жазушылар одағының (2001), Журналистер (2009) одағының мүшесі.
1972 жылы 19 тамызда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Бостандық ауылында дүниеге келген. Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №11 қазақ орта мектебін, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін, сол оқу орнының аспирантурасын бітірген.

Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер, «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясында жетекші маман, «Арыс» баспасында ғылыми редактор, «Қазақстан» ұлттық телеарнасында стилист-редактор, «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі, «Информ-А», «Глобус», т.б. бірқатар баспаларда редактор, бас редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарған.
2006-2009 жылдары «Айқын» республикалық газетінің Астанадағы меншікті тілшісі, тілшілер қосынының жетекшісі болды.
2009 жылғы қыркүйек – 2019 жылғы сәуір аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінде Президент Баспасөз қызметінің сарапшысы, консултанты, сектор меңгерушісі, ҚР Мемлекеттік хатшысы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2019 жылғы сәуір – 2022 жылғы желтоқсан аралығында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесі басшысының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, сектор меңгерушісі болып еңбек етті.
Бүгінде, 2022 жылғы 23 желтоқсаннан бері – ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Редакциялау және сараптама бөлімінің меңгерушісі.
Өлеңдер топтамасы талапкер студент ақындардың «Толқыннан толқын туады» (1995) атты жыр жинағына, Халықаралық жас ақындар байқауы лауреаттарының «Өлеңдер» (1998) жинағына, «Қазақстан жас ақындарының антологиясына» (2000) енген. «Мен ғашық қыз» (1996, «Жазушы»), «Көзмоншақ» (2001, «Елорда») атты кітаптары жарық көрді.
Шығармашылық жетістіктері үшін екі мәрте (1997, 1998 ж.) ҚР Президентінің стипендиаты атанды.
7 мерекелік медальмен және мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.