Қараөзен ауылы 1966 жылы 15-ші наурызда Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің бұйрығына сәйкес, бұрынғы Орал облысы, Фурманов ауданының 12 шаруашылығы болып құрылған. Қараөзен ауылдық Кеңесі атқару комитетінің шешіміне сәйкес 1969 жылы 22-ші қазандағы аудандық мәдениет бөлімінің №76-шы бұйрығы бойынша Жас ауылдық кітапханасы 1730 дана кітап қорымен Қараөзен совхозының орталығына көшірілген. Кітапхана алғаш ашылғанда бір жылға жуық Газезова Серікқаным кітапханашылық қызмет атқарған. 1970 жылғы 5-ші қарашадан бастап зейнеткерлік жасқа шыққанша (1985 жылға дейін) Ғабдолова Жамал 15 жыл еңбек еткен. Ғабдолова Жамал 1928 жылы 13 наурызда Орал облысы, Фурманов ауданы, Қарасу кеңесі, Жеңісті ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Фурманов 7 жылдық мектебін бітірген. 1944 жылы Орал қаласындағы 5 айлық педагогикалық курсын аяқтағаннан кейін Чапаев ауданы, Қожахар ауылында мұғалім болып еңбек еткен. 1958 жылдан бастап кітапхана қызметіне ауысып 1959 жылы Бүкілодақтық кітапханашылар сьезіне қатысқан. 1960-1969 жылдары Фурманов аудандық балалар кітапханасында кейіннен 1970-1985 жылдар аралығында Қараөзен ауылдық кітапханасында қызмет атқарған.
1986-88 жылдары кітапхана қоры 9243 дана әдебиетті құрап 430 оқырманға 9160 дана кітап беру деңгейіне жеткен. Осы жылдары кітапханашылар жиі ауысып, Р.Ғұмарова, А.Байгалиева, Ф.Өлмесекова, Б.Қисметовалар қызмет атқарған. 1989-2006 жылы Қараөзен ауылдық кітапханасында Бекешова Гүлбану кітапханашы болып еңбек етті. 1997 жылы Фурманов ауданы таратылып, Казталов ауданына қосылды. Қараөзен ауылдық кітапханасы Казталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №19 филиалы болып бекітілді. 2006-2017 жыл аралығында Мұқамбетова Әсем кітапханашы болды. Бүгінде Қараөзен ауылдық кітапханасында Ишанғалиева Нұргүл кітапханашылық қызметін атқарып келеді.