Көктерек кітапханасы 1936 жылы ашылған. Сапаралин Қайырғали атты жас жігіт 1936 жылы келіп, Көктерек ауыл кеңесіне қарасты оқу үйінде кітапханашы және почта тасушы болып жұмыс жасаған. Қайырғали Жалпақталға жиі барып жүріп сонда бастау алған Жалпақталдың жасырын ұйымы «Қазақ халқын құтқарушылар қоғамына енген. Қайырғали Сапаралин 1942 жылы Жалпақталдағы жасырын ұйым әшкереленіп, өзі ұсталып кеткенше істеген. Ол боздақ 1943 жылы Орал түрмесінде соққыдан көз жұмды. Бұл жылдары кітапхананың аты «Оқу үйі» (изба читальня) делініп, кітапханашы ел арасында тек кітап таратумен емес, үгіт-насихат жүргізумен, газет, хат тасып жеткізумен айналысқан.
Соғыстан кейінгі жылдары Көктерек кітапхасында Валентина Михайловна Жданова 1953-56 жылдары еңбек етті. Жетпісінші жылдарға дейін кітапхананың кітап қоры шағын, орны ауыл клубының бір қосалқы бөлмесінде болды. 1956-1963 жылдары Көктерек ауылдық кітапханасында Жұмазия Сейткереева, 1963-69 жылдары Бақыт Кенжина меңгерушілік қызмет атқарды. Жетпісінші жылдардан бастап кітап қоры өсіп, кітапхана үйі бөлек орынға ауысты. Жұмыс әдістері, кітапханашылардың білім деңгейлері өзгерді.
1970 жылы Көктерек ауылдық кітапханасы Орал облыстық социалистік жарыстың жеңімпазы болып танылып, «Үлгілі кітапхана» атын иеленіп, дипломмен марапатталды. Бұл кезде кітапханашы Жиенғалиева Ұлпат Дүйсемәліқызы Көктерек кітапханасында 1969 жылдан 2002 жылға дейін 32 жыл кітапхана қызметін абыроймен атқарған. Қазір зейнеткерлік демалыста. Жиенғалиева Ұ.Д. ауылдық Кеңеске депутат болып, халық сотының заседателі міндетін атқарып халыққа қызмет етті.
Күні бүгінде кітапхананың кітап қоры 12611 дана. Кітапхана бүгінде мәдениет бөлімінің иелігіндегі үйде орналасқан. 2002 жылдан 2006 жылдың аяғына дейін Көктерек ауылдық кітапханасында арнаулы орта білімді Хайруллина Үміт қызмет атқарды. 2007 жылдың басынан кітапханада меңгеруші болып БҚМУ-дың өнер институтының кітапхана және библиография бөлімін 2004 жылы бітірген Сейткереева Жайдарман қызмет атқаруда.