Қазталов ауданы әкімшілігінің Қазталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі

Еңбек ауылдық кітапханасы

Еңбек ауылдық кітапханасының іргетасы 1969 жылы құрылған. Алғаш кітапханашы қызметін Хафезова Оқиза атқарған. Ауылдық кітапхана ашылғанда кітап қоры 1000-ға жуық болған. Хафезова Оқиза 1947 жылы Тіленші ауылында дүниеге келген. Еңбек ауылдық кітапханасында 1971 жылға дейін жұмыс істеген. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында тұрады. 1980 жылдан бастап ауыл кітапханалары бір жүйеге біріктірілгеннен кейін, кітапханаға келіп түскен әдебиеттер инвентарлық нөмірмен есеп кітабына тіркеліп отырды. Кітапхана ертеректе «Қызыл бұрыш» деген атаумен жұмыс жасалды. «Қызыл бұрышта» малшы, шопандардың, тракторист-комбайыншы, сауыншы, дарынды, талант өнер иелеріне арналып құрмет тақталары шығарылды. Сол кезде кітапханашы дала қостарындағы бригадаларды аралап, кітапханаға түскен жаңа әдебиеттермен таныстырып, әр мерекеге, даталы күндерге байланысты ән-кештерін ұйымдастырып отырған.

          Еңбек ауылдық кітапханасында 1985 – 2000 жылдар аралығында Караулова Айжан, Сұпығалиева Шолпан, Алтаева Ағырыс, Абдулова Ляззат, Сагинова Нұрлыгүл, Хамитова Самал, Габдулкармиов Мұлқайдар атты кітапханашылар қызмет етті.

         1994 жылы кітапхана жабылып, 2000 жылы қайта ашылды. 2002 жылдың қараша айынан бастап осы кезге дейін Құспанова Гүлжан қызмет атқарып келеді. Өз ісінің жетік шебері. «Жастарға қамқорлық – бақытты болашақтың басты кепілі» атты пікір-сайыс, «Тәуелсіз елім – асқар белім» тақырыптық кешін, «Желтоқсан жаңғырығы» портретті кеші, «Тәуелсіз елдің – таңы жарқын» және т.б. мерекелік, даталы күндерге түрлі шаралар оздырылуда.