1953 жылдары 9 колхоз біріктіріліп, Карл Маркс колхозы болып ірілендірілуі ауыл адамдарының алға басуына қолайлы жағдайлар жасалды. Ол кезде колхозда 300-ден астам адам болды. Колхоз орталығы Багатырев деп аталды. Багатырев ауылдық кітапханасы 1953 жылы ашылған. Колхоз негізінен мал шаруашылығымен айналысқандықтан, кітапхана еңбек адамдарының мәдени ошағына айнала бастады. 1960 жылдары Еслямғалиева Сырға, 1963-1975 жылдар аралығында Сұлтангереева Зауре Даулетқызы кітапханашы болып қызмет атқарды. Ол кезде кітап қоры 2920 дана болды. Жазғы науқандық жұмыс кезінде дала қостарында жылжымалы пункт ашып, ауылшаруашылығы мамандарына арнап «Мамандарға кеңес», «Механизаторларға көмек» атты көрме шығарылып, жұмысшылар арасында жарыс көрсетілініп, қабырға газеттерін «Молния», «Жауынгерлік бет» шығаруға көп көңіл бөлінді. Бес жылдықтың алға қойған міндеттерін ойдағыдай орындап, мәдениетті дамытуға елеулі үлестер қосуда кітапханашы Зауре бар күш жігерін жұмсады. Осы еңбегі бағаланып грамоталар, В.И.Лениннің 100 жылдығы медалімен марапатталды.
1975-1980 жылдар аралығында Досжанова Жұпар кітапханашы болып қызмет атқарды. Ол кезде кітап саны 5000-ға жеткен. Кітапханадан ауыл тұрғындары, мамандар, жастар рухани азық алып білімдерін жетілдіріп, әдебиетпен өнердің сарқылмас бұлағынан сусындады. Қазақтың көркем әдебиет қоры елеулі, кемелді шығармалармен толығуда. КПСС орталық комитетінің пленумдарымен, партияның съезд шешімдерінің жүзеге асыруға басшылық етіп, бұқара арасында тәрбие жұмыстары клуб, кітапхана арқылы жүргізілді. Кітапханада «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында», еңбек адамдарына арнап «Еңбек, бақыт, абырой» деген тақырыптарда кітап көрмелері шығарылды. Клуб пен бірлесіп соғыс ардагерлерінің жас ұрпақпен кездесулері өткізілді.
1980-1984 жылдар аралығында Гаушина Ақмарал жұмыс істеді. Кітап саны 5600. 1984-85 жылдары Габбасова Аяжан кітапханашы болған, кітап саны-6809. 1985-86 жылы Вахитова Роза жұмыс істеді. 1986 жылдың шілде айынан бастап 7275 кітап қорымен Кенжегалиева Ания қабылдап алды. 2020 жылдың 26 тамызында Акималиева Лаззат кітапханашы болып орналасты. Күні бүгінге дейін кітапханада 750 оқырман қамтылып, 9511 дана кітап қоры бар. Кітапханада алфавиттік және жүйелік каталогтар, тақырыптық, арнаулы, өлкетану картатекалары ұйымдастырылған. Атаулы даталарға, ақын жазушылардың мерейтойларына арналып ашық кітап көрмелері,библиографиялық шолулар ұйымдастырылады.